Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Іс басындағы төрағасы, Швецияның Сыртқы істер министрі Анн Линде Орталық Азия бойынша өңірлік турне шеңберінде Қазақстанға ресми сапармен келді.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер барысында әскери-саяси, экономика-экологиялық және гуманитарлық бағыттағы қызметтердің барлық үш өлшеміндегі Ұйымның ағымдағы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан мен Ұйым ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларына, алдағы жылдарға арналған өзара іс-қимыл жөніндегі жоспарларға көп көңіл бөлінді.
Кездесуде тараптар 2010 жылғы желтоқсанда ЕҚЫҰ Саммитінің қорытындылары бойынша қабылданған «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» Астана декларациясын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Келіссөздер барысында тараптар COVID-19 пандемиясының аясында одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
ЕҚЫҰ Іс басындағы төрайымы швед төрағалығының басымдықтарын қолдағаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтты. Ол қазіргі жағдайда превентивті дипломатия мен медиация жанжалдардың алдын алу мен шешуде қажетті құралға айналатынын атап өтті.
Сапар бағдарламасы шеңберінде А. Линде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болады.