Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Шығыс Иерусалимдегі зорлық-зомбылықтың өршуіне және Палестина-Израиль қатынастарының шиеленісуіне қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
Шығыс Иерусалимдегі зорлық-зомбылықтың өршуіне және Палестина-Израиль қатынастарының шиеленісуіне алаңдаушылық білдіреміз. Қалыптасқан жағдайда барлық тараптар ұстамдылық танытып, жағдайдың одан әрі нашарлауына әкелетін қадамдардан бас тартуы қажет. Әл-Ақса мешітінің кешені төңірегінде арандатушылық әрекеттерден аулақ болуға және статус-квоны құрметтеуге шақырамыз. Саяси, діни және қоғамдық көшбасшылары қасиетті Рамазан айында шиеленісті азайту үшін бар күшін салады деп үміттенеміз. Қазақстан Палестина-Израиль қақтығысының тек «Екі мемлекет» формуласы және Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарлары негізінде бейбіт жолмен әділ шешілуін қолдайды - делінген министрлік мәлімдемесінде.