Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сібір жарасы тіркелді: Мал ұстайтындар не білуі керек?

Олжас АДАЙ
11 Шілде 2025, 10:55
1341
Бөлісу:
 Ғазиз ШАКИРОВ  - архив
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Ақмола облысының Атбасар ауданында сібір жарасы тіркеліп, бірқатар округте карантин жарияланды. Министрлік эпизоотиялық ошақты жою шаралары қолға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Атбасар ауданы Шұңқыркөл ауылдық округіне қарасты Құдықсай шалғынында, ал 3 шілдеден бастап Шұңқыркөл және Ярослав ауылдық округтерінде карантиндік шектеулер енгізілді.

Ауру ошағында мәжбүрлі вакцинациялау және дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосы, аудан әкімдігі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, эпизоотиялық ошақты жою бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асуда, – делінген министрліктің жауабында.

Мал ұстаушыларға маңызды кеңес

Министрлік өкілдері ауыл тұрғындарына сібір жарасы тіркелген жағдайда келесі шектеулердің болатынын ескертеді:

  • Жануарлардың барлық түрін әкелуге, әкетуге және бір орыннан екіншісіне ауыстыруға тыйым салынады;
  • Ауру малдың сүтін пайдалануға, етке союға болмайды;
  • Мал өнімдерін әзірлеуге және тасымалдауға рұқсат берілмейді;
  • Өлген малдың өлексесін ашуға, терісін сыпыруға болмайды;
  • Ветеринариялық операциялар тек шұғыл жағдайда ғана жүргізіледі;
  • Эпизоотиялық аумаққа бөгде адамдар мен көліктердің кіруіне шектеу қойылады;
  • Табиғи су көздерінен мал суаруға болмайды;
  • Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін, көрмелерді және басқа да мал қатысатын шараларды өткізуге тыйым салынады.

Бұған дейін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақмола облысындағы 10-ға жуық малдан сібір жарасы анықталғанын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы