Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Астанада өткен “Орталық Азия – Қытай” екінші саммитінде сөз сөйлеп, екіжақты қарым-қатынастың жетістіктерін саралап, болашақтағы бағыттарды нақтылады. Ол өз сөзінде “Қытай – Орталық Азия рухын” сақтап, сапалы аймақтық даму мен достықты одан әрі тереңдетуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай мен Орталық Азия арасындағы гүлденіп келе жатқан әріптестік
Си Цзиньпин саммитке жиналғандарды жылы қарсы алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, соңғы екі жылда атқарылған ауқымды істерге тоқталды.
Екі жыл бұрын Сианда бірге отырғызған 6 анар ағашы бүгінде жайқалып өсіп тұр. Бұл – біздің әріптестігіміздің нақты символы, – деді ол.
Сауда айналымы 35%-ға өскен. Қытайдың Орталық Азия елдерімен тауар айналымы едәуір ұлғайып, өнеркәсіп, жасыл экономика, технология, көлік инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастық жаңа қарқын алды.
Ірі жобалар мен көлік дәліздері – интеграцияның өзегі
Си Цзиньпин Қытай мен Орталық Азияны байланыстыратын ірі көлік жобаларының барысын баяндады:
- “Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан” теміржолы ресми түрде құрылысын бастады;
- Қытай мен Қазақстан арасында үшінші трансшекаралық теміржол салу бойынша жұмыс жүріп жатыр;
- “Қытай – Тәжікстан” автожолының екінші кезеңі жаңартылып жатыр;
- Қытай мен Түрікменстан арасындағы энергетикалық әріптестік тұрақты даму үстінде.
“Жасыл” және цифрлық салалар – жаңа өсу нүктелері
Қытай тарапынан цифрлық экономика, жасыл кен игеру, жасанды интеллект пен аэроғарыш салаларындағы бірлескен жобалар жандануда. Сонымен қатар:
Қытайлық электромобильдер мен күн панельдері Орталық Азияда көбейіп жатыр, ал Қытайға бал, жеміс, бидай, құс еті экспортталып отыр, – деді Си Цзиньпин.
Азаматтық байланыс – визасыз режим мен мәдени серіктестік
Қытай мен Қазақстан, Өзбекстан арасында визасыз режим орнаған соң, тек өткен жылы ғана 1,2 миллион азамат екі ел арасында сапарлаған. Қытайда Орталық Азия елдерінің мәдениеті мен туризміне деген қызығушылық арта түсті.
“Қытай – Орталық Азия рухы”: бес негізгі қағида
Си Цзиньпин тарихи, мәдени және геосаяси жақындығымызға сүйене отырып, екіжақты серіктестікті сипаттайтын "Қытай – Орталық Азия рухын" келесі бес қағидамен сипаттады:
- Өзара құрмет пен теңдік – мемлекеттердің үлкен-кішілігіне қарамастан, ортақ кеңес пен келісім маңызды;
- Сенім мен бірлік – егемендік пен ұлттық мүддені қорғауда бір-бірін қолдау;
- Өзара тиімділік – бірін-бірі толықтыратын экономикалық серіктестік;
- Бір-біріне дем беру – әр елдің дамуға деген өз жолын құрметтеу;
- Бейбітшілікті сақтау – қауіпсіздік пен тұрақтылықты біріге қорғау.
Болашаққа бағыт – бес ірі бастама
Си Цзиньпин болашақтағы нақты қадамдарды да ұсынды:
1. Моральдық және көршілестік дипломатия
Біз “мәңгі достық” туралы шартқа қол қоямыз. Бұл – тарихта жаңа белес, болашаққа салынған берік көпір, – деді ҚХР төрағасы.
2. Жоғары сапалы даму – 2025-2026 жылдары арнайы жарияланды
Қытай 1,5 млрд юань грант бөліп, өндіріс, инвестиция, логистика, ауыл шаруашылығы салаларында нақты жобаларды іске асыруға дайын.
3. Бөлінбейтін қауіпсіздік жүйесі
Қытай терроризм, киберқауіптер, трансшекаралық қылмысқа қарсы бірлескен жаттығулар өткізуге ниетті. Сондай-ақ, "Қауіпсіз қала" жобаларын ұсынуда.
4. Мәдени-гуманитарлық байланыстар
Мәдени орталықтар, жоғары оқу орындарының филиалдары, "Лу Бан шеберханалары" ашылып жатыр. Қытайлық тарап 3000 маманды оқыту квотасын бөледі.
5. Әлемдік әділетті тәртіпті қолдау
Қытай Орталық Азия елдерінің БҰҰ аясындағы рөлін күшейтуді қолдайды. Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын сақтауға шақырды.
Қазір біз Қытайда қуатты мемлекет құруды және ұлттық жаңғырудың ұлы ісін жан-жақты насихаттап жатырмыз. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай сыртқы ашықтық саясатына берік болды және солай болып қала береді, Орталық Азиядағы әріптестерімен бұдан да жоғары сапалы ынтымақтастықты жүзеге асыруға және бірлескен даму жолында мүдделердің интеграциясын тереңдетуге дайын, - деді Си.
Бірлік пен келісім – ортақ мұрат
Си Цзиньпин өз сөзін Қытай мен Орталық Азия халықтарының даналықтарымен түйіндеді.
Қытайда “бірлік пен келісімде өмір сүріңдер” дейді. Ал Орталық Азияның да даналығы - “Ынтымақ пен бірлік – бақыт пен байлық”. Біз бірге табысқа жетеміз, - деді ҚХР басшысы саммитте.