Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) кезекті саммиті биыл 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жэньминь жибао газетінің мәліметінше, бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И мен ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев 15 шілде күні Тяньцзиньде өткен ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысынан кейін журналистерге мәлімдеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, алдағы саммит аясындағы іс-шараларға 20-дан астам ел мен 10 халықаралық ұйымның басшылары қатысады. Бұл кездесуде аймақтық қауіпсіздік, экономикалық серіктестік және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқылануы жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстан 2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы 5 шілдеге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне төралық еткен болатын. 2024 жылы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп, Қазақстанның төрағалығы Қытайға ауысқан болатын.