ШЫҰ саммиті: Ортақ қаржы институты құрылуы мүмкін

4 Шілде 2024, 13:49
349
Бөлісу:
ШЫҰ саммиті: Ортақ қаржы институты құрылуы мүмкін
Фото: Артём Чурсинов

Мұндай пікірді Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшысы, аймақтанушы Еркебұлан Құланбай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саммитке 10 мүше мемлекеттен бөлек, араб мемлекеттері, халықаралық деңгейдегі БҰҰ төрағасы қатысып отыр. Іс-шараға БҰҰ-ның қатысуы ШЫҰ-ға деген әлем қызығушылығы бар екенін білдіреді. Демек жаһандық оңтүстік елдерінің дауысын естуге мүдделі десек болады. Қазақстан төрағалық еткен жылы барынша халықаралық және аймақтық елдермен саяси, климаттық мәселелерде ынтымақтастық орнатуға тырысты, - деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен бірге Құланбайдың айтуынша, ШЫҰ-ның болмысы әскери немесе саяси-экономикалық блог емес, диалогтық алаң болып отыр. Сол себепті ұйымның беделін көтеру және оны жаңа деңгейге шығару үшін ортақ декларация қабылдануы мүмкін.

Ортақ экономикалық жобаларды да күтіп отырмыз. Әсіресе барлық тарап мүдделі көлік-логистика, инфрақұрылым саласында ортақ жобалар қабылданады деп үміттенеміз. Әрине, ол үшін қаржыландыру өте маңызды. Осы ретте ортақ қаржы институты құрылуы мүмкін. Ол инвестициялық қор, банк болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшыларының шешімін күтеміз, - деп түсіндірді Еркебұлан Құланбай.

Сарапшы болашақта Ауғанстан да диалогқа қосылуы мүмкін деп болжады.

2024 жылы Қазақстан Экология жылында мейлінше экологиялық бастамаларды жүзеге асырды. Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекеттердің бірі ретінде экономикасын арттыруға мүдделі. Оны екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Сондықтан логистикалық әлеуетімізді арттырып, Қазақстан Каспий арқылы немесе оңтүстікке, Қытайға кететін порттарды қолданып, экономикалық әлеуеттен пайда көреді. Сонымен бірге ұйымның аясында қабылдануы мүмкін қаржы институттары арқылы инвестиция тартып, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Ол зауыт немесе порттар, теміржол, автокөлік жолдары болуы мүмкін, - деп айтты Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшысы, аймақтанушы Еркебұлан Құланбай.

Сарапшы ШЫҰ қаржы ұйымын құра алса, бұл өте жақсы жетістік болады деп есептейді.

Өзгелердің жаңалығы