ШЫҰ саммиті. 5 қаладан 1 мыңға жуық Ұлттық ұлан сарбазы тартылды

4 Шілде 2024, 09:52
356
Бөлісу:
ШЫҰ саммиті. 5 қаладан 1 мыңға жуық Ұлттық ұлан сарбазы тартылды
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Қазір ұландықтар күшейтілген режимде қызмет етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) маңызды халықаралық саммиті басталды. Оған әртүрлі елдердің мемлекет және үкімет басшылары жиналды.

Жоғары лауазымды қонақтардың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жеке құрамы Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, қала көшелерінде тәулік бойы кезекшілік жүргізбек. Бұл міндет тәртіп сақшыларына жоғары жауапкершілік жүктейді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету — біздің бірінші кезектегі міндетіміз. Бұл саммит — мемлекеттік маңызы бар іс-шара. Біз күш-қуатымызды аямай, өзімізге жүктелген міндеттерді тыңғылықты орындау үстіндеміз. Бүгін бірнеше елдің басшылары келді және біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді атқарып жатырмыз. Осындай ауқымды да тарихи іс-шарада қызмет ету біз үшін мәртебе әрі жауапты міндет, - дейді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жауынгерлік қызмет бас басқармасы бастығының орынбасары полковник Серік Нарымбеков.

Ұлттық ұлан саммит өткізу кезеңінде ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті сақтау үшін қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Ұландықтар күндіз-түні кезекшілік етіп, қаланың негізгі аудандары мен іс-шаралар өтетін орындарды күзетуде.

Қазіргі уақытта елордалық бес ауданда қоғамдық тәртіпті қорғау қызметіне екі ауысымда Астана, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және Теміртау қалаларынан 1000-нан астам Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жұмылдырылған.

Бірінші ауысымдағы қызмет сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін 40 жаяу патрульдеу бағыттарында жүзеге асырылады. Оның ішінде дербес - 26, полиция қызметкерлерімен бірлескен - 14 және 2 автокөлік бағыты бар. Екінші ауысымдағы қызметке сағат 18:00-ден түн ортасына дейін патрульдеудің 220 жаяу бағыты қойылады. Оның ішінде дербес – 266, полицейлермен бірлескен - 14, сондай-ақ 13 автокөлік бағыты қарастырылған.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы бүгінде құрамына тоғыз мүше: Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан және Иран кіретін ірі халықаралық бірлестік болып табылады. Сонымен қатар, ұйымда үш бақылаушы және 14 диалог серіктесі бар.

ШЫҰ-ның негізгі мақсаты — саяси, сауда-экономикалық, ғылыми және мәдени салалардағы ынтымақтастықты нығайту. Ұйым сонымен қатар аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз етуге көп көңіл бөледі.

Біздің еліміз үшін ШЫҰ саммитін өткізу — халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары дәрежедегі сенім мен құрметтің айғағы болып табылатын маңызды оқиға. ШЫҰ-ның белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты дамытуда және мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Ұландықтардың осындай ауқымды іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуы — олардың кәсібилігін арттырып қана қоймай, Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін нығайтады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.

Өзгелердің жаңалығы