ШЫҰ миссиясы: Қазақстандағы референдум халықаралық стандарттарға сай өтіп жатыр

Миссия құрамында 17 адам бар.

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Кеше 2026, 15:47
Кеше 2026, 15:47
153
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары, миссия басшысы Олег Копылов Қазақстандағы республикалық референдумның ұйымдастырылуына жоғары баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ШЫҰ бақылаушылар миссиясы Қазақстанға референдум барысын бақылау үшін келген.

Біз Қазақстан үкіметіне және тиісті органдарға референдумды бақылауға шақырғаны үшін алғыс айтамыз. Біздің миссия құрамында 17 адам бар. Олардың қатарында парламент өкілдері, орталық сайлау комиссияларының мүшелері, дипломаттар мен сарапшылар бар, – деді ол.

Олег Копыловтың айтуынша, миссия жұмысы халықаралық бақылаудың негізгі қағидаттарына сүйенеді.

Біздің қызметіміз саяси бейтараптық, ашықтық, әділдік және елдің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделеді. Біз референдумның ұйымдастырылу процесін бақылап, кейін қорытынды ұсынамыз, – деді миссия басшысы.

Бақылаушылардың бағалауынша, референдумды өткізуге қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жұмыстар жоғары деңгейде қамтамасыз етілген.

Біз ұйымдастыру және техникалық дайындық халықаралық стандарттарға сай екенін көріп отырмыз. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген, – деді ол.

Сонымен қатар миссия өкілдері халықтың референдумға белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

Біз учаскелерде азаматтардың белсенділігін байқадық. Адамдар өз таңдауларын жасауға келіп жатыр. Бұл референдум Қазақстандағы демократиялық процестердің дамуына үлес қосады деп есептейміз, – деді Олег Копылов.

Сөз соңында ол референдумның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Наверх