Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сұр шинель, сүреңсіз шлем, тот басқан мылтық... Мұндай заттарды мұражайдан көру заңды сияқты. Оның тарихы жайлы білмеген адам жанынан Жеңіс мерекесінің бір реквизиті деп өте шығар.
Ішкі істер министрлігінің мұражайынан өзіміз де «ерекше» бірдеңе іздеп жүріп, оны елеусіз қалдыратын ба едік. Мұражай меңгерушісі Алмагүл Сатмагамбетова мұны тәжік-ауған шекарасында қаза болған қазақстандық жауынгерлірдің біріне тиесілі екенін айтпағанда.
Оның дәл қай жауынгердің иығынан түскен шинель екені белгісіз. Олар көпшілікке «Қазбат» бітімгерлік батальонының сарбаздары ретінде таныс. 1993 жылы Тәжікстанда азамат соғысы басталып, сол тұста енді құрылған ТМД елдерінің басшылары «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» туралы келісім аясында ұйымға мүше ретінде кірген Тәжікстан еліне қол ұшын созбақ ниетте болды. Елдің Ауғанстанмен шекараласатын аймағын қорғау үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей әскерлерінен бітімгерлік мақсаттағы бөлімдер жасақталды, - деп мұржай меңгерушісі оқиғаның тарихын санамызда жаңғыртты.
Шынының ар жағында бейнеленген шекарадағы тау шатқалы мен ұрыс операциясының сәті де ерекше әсер қалдырады. Ал ұрыстың қалай өткені жайлы тарих баяндалып жатқанда оқиға көз алдыңда кинолентадай өтіп жатады екен.
1995 жылдың 7 сәуірі. Тәжік-ауған шекарасы. Пшихарв шатқалы. Ауғанстан жақтан Тәжікстан оппозициясының ірі қарулы тобы осы шатқалға жақын жерде орналасқаны белгілі болғандықтан Тәжікстан Қарулы күштері бұл жерге шекаралық бекет тұрғызған. Сол күні басынан бақайшығына дейін қаруланған топ шатқалдағы сарбаздарға оқ жаудырып, үлкен қақтығыс болады. Сол күні шекара шебін біздің жетінші рота қорғап тұрған еді. Түскі уақытта басталған атыс бес сағатқа созылып, соңында 33 қазақстандық сарбаз жарақаттанды. Он жеті жауынгер қыршыннан қиылды, - деп баяндап берді оқиғаны ол.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, ұрыстың алғашқы кезеңінде шекарашылар жағында адам шығыны біраз болған, взвод командирі де сол уақытта қаза тапқан. Соған қарастан жауынгерлер абдырап қалмай, қарымта тактика ұйымдастырып, қарсы шабуылға шыққан. Батальон командирі орынбасары жараланғанда, ротаға басшылық жасауды сержант Марат Ахметов мойнына алып, қарсы топқа тойтарыс береді. Көп кешікпей Қазбат командирі Юрий Лобачев көмекке келеді. Лейтенант Игорь Дьяченко кеудесіне оқ тиіп жараланғаны қарамастан, өзіне сол мезетте медициналық көмек көрсетіп, одан кейін басқа жаралыларды да өлімнен арашалаған. Бірнеше сағаттан кейін әуеден және құрлықтан Ресей армиясынан жасақталған топ көмекке келіп, нәтижесінде қарулы топ қашуға мәжбүр болады. Шабуыл тоқтап, атыс тынышталғанда барлығы 100-ден астам адам мерт болып, 150-ге жуық жауынгер жаралы болғаны анықталды.
Қазақстан Ресупбликасы Президентінің жарлығымен қаза болған жауынгерлердің бесеуі екінші дәрежелі «Айбын» ордені және он екісі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақ батальоны сапында қызмет етіп, жат жұртта қаза болған жауынгерлер тізімі мұражайдағы стендте жарияланған екен. Олар:
Еркін Байғабылов, Бауыржан Далабаев, Имомаддин Жуматов, Дастан Нұрметов, Тахир Раимжанов, Еркебұлан Макажанов, Радик Қаймулдиев, Ержан Әбдиев, Жақсылық Жансүгіров, Ербол Бекебаев, Қанат Едырышов, Ержан Байбағысов, Ербол Исабаев, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Алихан Өгізбаев, Қалмахан Бақбаев.
Осыдан бір жарым жыл бұрын жарыққа шыққан «Қазбат» көркем фильмі осы оқиғаға негізделгенін атап өткен жөн.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша көркем фильм түсірілді.
Ал қанды оқиға өткен 7 сәуір Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланында Ерлікке тағзым күні деп аталады.