«Шындыққа жанаспайды!». Президент тапсырмасын орындауға не кедергі

29 Сәуір 2023, 20:55
1081
Бөлісу:
«Шындыққа жанаспайды!». Президент тапсырмасын орындауға не кедергі
Фото: автордан

Бүгін Қостанайда Парламент Сенатының «Қаржы және бюджет» комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында кәсіпкерлердің ауылдық жердегі тұрғын үй құрылысы бойынша өзекті мәселелері талқыға түсті деп хабарлайды BAQ.KZ-тің осы өңірдегі тілшісі.

Мемлекет басшысының жақында ел Үкіметіне берген тапсырмасында ауылдық жерлерде жақсы тұрғын үйдің болуы, халықты сол елдімекендерде тұрақтандырып, білікті кадрларды тартуға мүмкіндік беретіні айтылған еді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы алыс ауылдарға сапалы баспаналар салған жергілікті кәсіпкерлердің инвестициясын ынталандырып, құрылыс шығындарын ішінара өтеп беруді де тапсырды.

Бүгінгі жиынға қатысқан спикерлердің бірінің сөзімен айтсақ, бұл мәселе 2021 жылдан бері талқыланып келеді екен. Дегенмен, жауыр болған мәселені ауылдық жерлердегі жұмыс берушілер тағы бір рет жиналып, ой легінен өткізуді жөн санапты. Олардың басым бөлігі баспана салу шығындарын субсидиялау жобасының қағидаларын талқылауға келгендерін жасырмады. Қостанайлық ірі ауылшаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындардың иелері мен қалталы бизнесмендер жобадағы ондағы бірнеше тармақпен үзілді-кесілді келіспейтіндерін ашық айтты. Солардың бірі, сатып алу құқығы бар жұмысшылар үшін тұрғын үй салу көзделген тұстарында шикіліктер көп екен.

Еңбек шартында жазылғандай 5 жылдан кейін жұмысшы оған салынған үйді сатып алады, оны сатады және жұмыстан шығады. Нәтижесінде, жұмыс беруші кадрларсыз да, баспанасыз да қалады. Сонда жұмыс беруші әр бес жыл сайын жаңа үй салып салу керек пе? Біз мынадай нұсқаны ұсынамыз. Жұмыс беруші тұрғын үйді кемінде 25 жыл мерзімге немесе еңбек шарты бұзылғанға дейін жалға беруі керек. Сонда мәселе оңалады , - дейді Қостанай облысы мәслихатының депутаты Махаббат Жұтаев.

«Шындыққа жанаспайды!». Президент тапсырмасын орындауға не кедергі

Жиындағы негізгі даулы мәселе субсидиялаудың бастапқы соммасына қатысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ережені әзірлеуші ретінде тұрғын үй құны бір шаршы метрге 100 000 теңгеге дейін болған кезде шығындардың елу пайызын субсидиялауды ұсынады.

Субсидиялаудың нормативі өткен жылы бюджет қабылданған кезде есептелінді. Министрлік оны республикалық бюджет комиссиясында қорғады. Ауылдық жерлерде тұрғын үй салу қалаға қарағанда арзанға түседі. Сондықтан, есептің жасалуы осы тетіктерді де қараған,- деп түсіндірді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова.

Бірақ , вице-министр Динара Щеглованың айтуына қарағанда , ауылдық жерлерде жұмысшылар үшін салынатын баспаналардың құны әлі қаралады екен. Сондықтан бұл мәселеге әлі нүкте қойылмапты.

Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ережеде оны ескеруге уәде берді. Бірақ бүгінде әлгі ережелер ешбір кедергісіз әділет органдарында тіркелуде. Олардың ішінде ауылдық жерлерде баспана салатындарға бір шаршы метрге 100 000 теңге деп тайға таңба басқандай анық айтылған. Ауылда салынатын баспаналардың шаршы метрінің құнын арттыру қажет. Керек болса 300 мыңға дейін. Ауылда үй салу әлдеқайда арзан дегенді министрлік қайдан алды? Ал, сонда қарапайым логистика қайда кетті? Өйткені, барлық материалдарды ондаған және жүздеген шақырымға жеткізу керек қой, - деп сауалды төтесінен қойды сенатор Гауез Нұрмұхамбетов.

Вице-министр Динара Щеглова өз кезегінде қазір бұл ереже сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтіп жатқанын хабарлады. Оған кемінде 20 жұмыс күні кетеді екен. Содан кейін ереже қайтадан барлық мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіліп талқыланатынын айтты.

Айтпақшы, «Қостанай облысының тауар өндірушілері қауымдастығы» ҚБ атынан қостанайлықтар осы тақырып бойынша өз ұсыныстарын өткен аптада тікелей Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдаған болатын. Онда олар бір шаршы метрдің құнын 300 000 теңгеге дейін көтерумен қатар, солтүстік өңірлерден шығындарды субсидиялау мөлшерін 70 пайызға дейін көтеруді сұрапты. Сондай-ақ қаладан 50 шақырымнан астам қашықтықтағы ауылдар үшін көлік шығындарын бөлек субсидиялауды сұрап отыр.

Бүгінгі жиналысқа қатысқан тараптардың уәждерін тыңдай келе келесідегідей ой түйеді екенсің. Шындыққа мүлдем жанаспайтын ережелерін қабылдауға асыққан министірліктің қадамына қарап тұрып, Президенттің тапсырмасын іске асыруға емес керісінше кедергі жасап жүрме деп қаласың.

Өзгелердің жаңалығы