Шын банкнотты жалған ақшадан ажырату үшін түпнұсқадағы бірнеше белгіні білу жеткілікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық банк жазды. Еліміздегі жалған банкноттардың негізгі бөлігі түпнұсқаның кейбір белгілерін ғана имитациялайтын жеңілдетілген технологиямен шығарылады. Қолдан жасалған мұндай банкнотты арнайы жабдықтың көмегінсіз-ақ "сезін – қара – аударып көр" әдісін қолдану арқылы анықтауға болады.
Алдымен банкнотты ұстап сезіну қажет.
Банкнот қағазы ерекше шытырлайды. Барлық банкнотта бедер беретін арнайы мөр басылған. Егер «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген атауды немесе Қазақстан картасындағы архитектуралық бейнелерді саусақпен ұстап көрсе, бедерді сезуге болады.
Сонымен қатар, барлық банкнотта көзі нашар көретін адамдарға арналған белгілер бар, олар банкноттың төменгі бөлігінде орналасқан. Бұлар – ұстап көргенде жақсы ажыратуға болатын жоғары бедерлі элементтер.
Екіншіден, банкнотты мұқият қараған жөн.
Бастапқыда ақша белгісінің таза, айқын, контрастты немесе лас болуын, дақтарының болуын жалпы көзбен көріп зерделеу қажет. Банкнотты жарыққа қаратып, аңыздағы самұрық құсы түріндегі су белгісін және номиналдың сандық бейнесін көруге болады.
Дәл осы сияқты, жазулары бар нүктелік сызықтар түрінде қағаз бетінде пайда болатын магнитті (металдандырылған) үзік жіпті тексеру қажет. Ол біртұтас болуы керек.
Үшіншіден, банкнотты аударып көру керек.
1000 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі банкноттарда көлбеу бұрышына қарай түсін жасылдан алтын түске дейін өзгертетін ерекше элемент бар. Банкнотты әр түрлі бұрыштарға баяу бұрған кезде элемент бойымен түсті жолақтың қозғалысын көруге болады.
2000 және 5000 теңгелік банкноттардың сырт жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы суреттер жарқырайды және динамикалық әсері бар.
Бұл үш әдіс сізге банкноттың шынайылығын арнайы жабдықсыз анықтауға көмектеседі.