Шымкенттің индустриялды аймақтарында 3600-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылады

3 Наурыз 2023, 07:17
1037
Бөлісу:
Шымкенттің индустриялды аймақтарында 3600-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласында жаңа «Жұлдыз» индустриялы аймағы мен «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізілуде,  деп хабарлайды BAQ.KZ.

2021 жылы құрылған «Жұлдыз» индустриялық аймағының жалпы ауданы – 306 га. Аталған аймақта 35 жоба (3152 жаңа жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Жоспарға сай биыл 6 жоба іске қосылып, 450-ден астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.

Сондай-ақ 2022-2026 жылдар аралығында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 50 компанияның инвестициялық жобалар пулы әзірленді.

Осыған орай, тағы 3600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысының еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты қойған нақты тапсырмасына сәйкес, қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту қолға алынған.

Бүгінгі таңда жалпы аумағы 132 га «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жалғасын табуда. Аталған аймақта 15 шақырымға суаққы қойылып, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Орналастырылатын жобалар пулы дайын.

Шаһардағы бұдан өзге 2 индустриялы аймақ пен сауда-логистикалық орталықта 16 жоба жыл соңына дейін іске қосылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы