Шымкенттің 4 ауданында Жастар орталығы ашылды

12 Қыркүйек 2021, 04:43
2088
Бөлісу:
Шымкенттің 4 ауданында Жастар орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласының төрт ауданында «Жастар ресурстық орталығының» бөлімшелері ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жастар орталығы  Әл-Фараби ауданы, Еңбекші ауданы, Абай ауданы және Қаратау ауданында ашылды. 

Қаратау ауданындағы бөлімшенің ашылуына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұлов, сонымен бірге «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов қатысты.

Қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев аудандық бөлімшенің жұмыс барысымен таныстырды. Жастардың игілігі үшін пайдалануға берілген орталық 2 қабаттан тұрады және бір мезетте 50-100 жасқа қызмет көрсете алады.

Орталық негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс жасайды: жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, коворкинг орталығы, шағын кітапхана, психологиялық кеңес беру. Әрбір бағыт бойынша жастар шығармашылық бастамаларын қолдауға, жас кәсіпкерлерді қолдау және несиелендіру жолдары, жұмыспен қамту, тұрғын үйге қол жеткізу, жұмыс орнын табу секілді мүмкіндіктерге ие болмақ.

Ғимараттың орналасу жеріне де аса мән берілген, жанында 2 мектеп, 4 оқу орталығы, саябақ, аллея, театр, мәдениет үйі, кітапхана, аула клубы, 50 шақты көпқабатты үй бар. Мұның өзі жастармен жұмыс жүргізуге, олардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы болып отыр.

Орталықтың жұмысымен танысып, жастармен сұхбаттасқан шаһар басшысы аралау соңында «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Болысовпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Өзгелердің жаңалығы