7-ші Республикалық ауыл әйелдері форумымен қатар өтіп жатқан көрмеге Шымкент қаласынан жеке кәсіпкер Сәуле Амалова да келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол қақталған қызанақ өндіру ұсынысымен белгілі сусын бренді қаржыландырған грант байқауының жеңімпазы атанған.
Қызанақты 50-60 градустан 80 градусқа дейінгі температурада қақтаймын. Соның өзінде ішінде минералдар, пайдалы дәрумендер сақталады. Жасұныққа өте бай. Қақтаған кезде қызанаққа жұпаргүл, райхан сияқты әртүрлі дәмдеуіштер қосып, майға бұқтырамын, – дейді Сәуле Амалова.
Ол майда кептірілген қызанақты нанға, салаттарға, тамақтарға қосып жеуге болатынын айтады. Тек пісірудің қажеті жоқ, дайын өнім.
Жеке кәсіпкер қақталған қызанақ жасау идеясы 2019 жылы келгенін айтты.
Менің күйеуім ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Пісетін маусымында үйге көп қызанақ алып келетін. Басында онымен не істерімді білмедім. Кейіннен кішігірім үйге арналған дайындамалардан осындай кәсіп басталды, – дейді ол.
Сәуле Амалова қақталған қызанақтарды әзірге тек Шымкент қаласының бірнеше дүкеніне қойып, негізінен әлеуметтік желі арқылы сатып жүр.