Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді» деген болатын.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сенбі күні қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты бірқатар нысанның қызметімен танысқан болатын.
Ең әуелі қала басшысы А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағындағы көшеттік тұқымбақтың жұмысымен танысты.
Жалпы тұқымбақта 8269 түп көшет өсірілуде. Атап айтсақ, мұнда 1537 түп бозарша, 1016 жай арша, 891 түп емен ағашы мен 223 дана сабын ағашы және 81 дана шынар ағашы бар. Ал жылыжайда 19 түрлі тұқым себіліп, жасыл қаламша тәсілімен 42 түрлі ағаш-бұта дайындалуда.
Аралау барысында сала мамандары дендросаябақты дамытудың жаңа концепциясымен таныстырды. Қала әкімі алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығын көбейтіп, дендросаябақты туристер мен қала тұрғындарының сүйікті жеріне айналдыру қажет екенін айтты. Әкім аталған саябақтағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан велосипед пен жүгіру жолдарының жұмысын аралап көрді, - деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Мұндағы жүгіру жолының ұзындығы 6457 м, ені 3 м. Веложолға арнайы қозғалыс жолақтары жүргізілген. Ұзындығы 12,5 км жолда жерасты кабельдері ауыстырылып, биіктігі 6 метрлік арақашықтығы 20 метрді құрайтын 670 дана LED бағаналары қойылады. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар шаһар басшысы аумағы 976 гектарды құрайтын «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болды. Мұнда жалпы саны 262 мың түп ағаш көшеттері егілген.
Әкім жасыл аймақты дамыту үшін ең алдымен Шымкент қаласындағы ағаштарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, осының нәтижесінде жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыру мәселесін қарастыруды тапсырды.