«QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент қаласы Байтұрсынов көшесіндегі тұрғын үйде төрт адамның қаза табуына алдын ала себеп ретінде көміртек тотығынан улану болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компанияның мәліметінше, 3 наурыз күні оқиға орнына барған авариялық бригада пәтерлердің бірінде рұқсатсыз орнатылған ағынды су жылытқышын анықтаған. Құрылғы желдету арнасы қарастырылмай орнатылған. Сонымен қатар түтін мұржасында тартылыс болмаған. Мұндай жағдай пәтерлерде көміртек тотығының жиналуына әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ желдету арнасының жоқ екені анықталды. Бұдан бөлек, үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт та, түтін және желдету арналарының тексерілгені жөніндегі акт те ұсынылған жоқ, – деп мәлімдеді компаниядан.
Тексеру барысында тұрғындардың газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасамағаны және түтін мен желдету арналарына тексеру жүргізбегені белгілі болды. Қаза тапқан төрт адамның барлығы – 1994, 2002, 2006 және 2009 жылы туған жастар.
Қайғылы оқиғаның нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Қазір материалдар тексеру жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданған.
«QazaqGaz Aimaq» қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, тұрғындарды үйдегі желдету жүйесі мен түтін мұржаларының жағдайын тұрақты түрде тексеріп отыруға шақырды.
Сондай-ақ газ жабдықтарын өз бетінше орнатпау және газдың таралуын анықтайтын арнайы датчиктерді қолдану қажет екенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте бір кіреберісте төрт адам газдан уланып, көз жұмғаны хабарланды.