Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының шұлық шығаратын «Alem BT» мекемесі «АЛТЫН САПА-2020» сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды Ernur.kz.
Биыл Шымкенттен «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға 6 компания өтініш білдірді. Оның ішінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы «Alem BT» ЖШС-не бұйырып отыр.
«Әлем БТ» ЖШС-і - отандық нарықты толық қамтамасыз етуден бөлек, шетелге де өнімдерін экспорттап жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Бұл қазақстандық шұлық-тоқыма зауытының өнімдеріне сұраныс жоғары. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 16 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімдерінің ассортиментін шығарады. Кәсіпорын жұмыс істеп тұрған барлық кезеңде 2 млрд.теңгеден астам өнімді ТМД және Еуропа елдеріне экспорттады.
«Алтын сапа» премиясы жыл сайын үздік тауар өндірушілер, қызмет көрсету сапасында жоғары жетістіктерге қол жеткізген кәсіпкерлерге конкурстық негізде беріледі.
Аталған байқауда жыл сайын төрт номинация бойынша сыйлықтар тағайындалады. Яғни, әр жылы өндірістік, қызмет көрсету, халыққа тауар ұсынатын, тамақ және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпорын иегерлері анықталады.
11 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн режимде өткен болатын.
Айта кетейік, бұған дейін байқауда «Kazmedpribor Holding» ЖШС (2015 ж), «Karlskrona» ЖШС (2016 ж), «Химфарм» АҚ (2016 ж), «Планта» ЖШС (2017 ж), «Азала текстиль» ЖШС (2018 ж) жеңімпаз атанған болатын.