Шымкенттің Еңбекші ауданындағы «Ордабасы» индустриялық аймағында өрт шықты.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт Қапал батыр көшесі бойындағы аумақта болған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер пайдаланудан шығарылған жүк көліктерінің дөңгелектері мен құрғақ шөптің жанып жатқанын анықтады.
Өрт салдарынан 50-ге жуық ескі шина мен 200 шаршы метр құрғақ шөп жанып кеткен.
Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері, Апаттар медицинасы орталығының бригадасы, «Ордабасы» ЖШС-нің өртке қарсы қызметі және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды.
Мамандардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрт толық сөндіріліп, жалынның көрші аумақтарға таралуына жол берілмеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.