Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте қатты жел ағаштарды құлатып, сегіз көпқабатты үй мен төрт жеке тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Салдарынан Абай ауданындағы бір коммерциялық нысанның, әл-Фараби ауданындағы бір бес қабатты үйдің, Еңбекші ауданындағы төрт бес қабатты үйдің, Қаратау ауданындағы бір бес қабатты үйдің шатырлары бұзылды, – деп хабарлайды Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде.
Сонымен қатар Қаратау және Еңбекші аудандарындағы төрт жеке үйдің шатырлары бұзылған.
Сондай-ақ құлаған ағаштар мен ұшқан шатыр сегіз автокөлікті зақымдаған.
Сағат 18:25 пен 18.36-ға дейінгі аралықта жел екпіні секундына 15-тен 28 метрге дейін болған.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. ТЖД мәліметінше, қазір жағдай тұрақты.
Естеріңізге сала кетейік, 1 маусымда Шымкентте қатты жел тұрып, ғимараттардың шатырын ұшырып әкеткен болатын, салдарынан 12 жасар бала жарақаттанған еді.