Шымкентте автогаз тапшылығы неліктен жиілеп кетті және бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? БАҚ өкілінің бұл сұрағына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жыл бойы болатын мәселе емес. Ең басты себептердің бірі – ауылшаруашылық науқаны. Сол кезде тапшылық болады. Себебі қасымызда Түркістан облысы бар. Бірден бір себеп сол. Екінші газбен қамтамасыз ететін кәсіпкерлердің Шымкент мұнай өңдеу зауытына берешектері болады. Ол да себептің бірі, - деді Сыздықбеков.
Сондай-ақ әкім қалада транзит көліктерінің көбеюі де газдың азаюына себеп болатынын атап, мәселе қалай шешіліп жатқанын баяндады.
Қазір қаламыздағы қажеттілік – 12 мың тонна. Біз 6,5 мың тонна алып отырдық. Оны Энергетика министрлігімен келісіп, 8,5 мың тоннаға дейін көтердік. Екіншіден, оны тасымалдауға вагондар қажет. Вагондар басқа жаққа кетіп жатады. Соны Қазақстан темір жолы компаниясымен келісіп, тұрақты түрде тасымалдауды жүйеге қойдық... Газ құю бекеттері бар бірнеше үлкен және кіші компаниялар болған. Газды бәріне тең бөлуді қолға алдық, - деді қала әкімі.
Сыздықбеков Шымкент қаласында қазір автогаз тапшылығы жоқ екенін жеткізді.