Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Шымкенттегі атысқа қатысы бар деген күдікпен 3 адам ұсталды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Шымкент қаласы мамандандырылған тергеу соты күдіктілерді қамауға алуға санкция берген.
Бұған дейін полиция күдіктілер ұсталғанын айтып, алайда, олардың қанша адам екенін хабарламаған еді. Енді үшеуінің де Алматы қаласында ұсталғаны мәлім болды. Кінәларын мойындап отыр. Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов атысқан екі тараптың дос болғанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 10 тамыз күні Шымкент қаласының Қазиев көшесінде орналасқан "Гранд-Прага" мейрамханасында атыс болған еді. Сол кезде 2 адам жарақат алып, біреуі оқиға орнында көз жұмған. Екіншісі ауруханаға жеткізілді.
Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") және 287-бабы ("Атыс қаруын заңсыз сақтау және тасымалдау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.