Шымкенттегі «Алтын мерген» Гран-приінде Қазақстан құрамасы 1-орын алды

1 Наурыз 2024, 05:23
677
Бөлісу:
Шымкенттегі «Алтын мерген» Гран-приінде Қазақстан құрамасы 1-орын алды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Шымкент қаласында нысана көздеуден «Алтын мерген» халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше биылғы турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан пен Беларусь Республикасынан 230 таңдаулы мерген жиналды. Олар барлығы 25 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Жалпы есепте 17 алтын, 13 күміс пен 13 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы 1-орны алды. Екінші сатыға Беларусь құрамасы 6 алтын, 10 күміс, 10 қола медальмен жайғасты. Үздік үштікті Қырғызстан түйіндеді (1 алтын, 2 күміс, 2 қола).

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Александра Ле, Константин Малиновский мен Никита Чирюкин сынға түсті. Бұған қоса Валерий Рахымжан, Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Ирина Юнусметова, Елизавета Безрукова, Юрий Юрков, Асадбек Назиркульев сынды жүлде алып жүрген Ұлттық құрама спортшылары болды.

Енді Ұлттық құрама Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Бразилиядағы Әлем Кубогы кезеңіне аттанады.

Өзгелердің жаңалығы