Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте жыл басынан бері кәмелетке жасына толмаған 1000-нан астам бала коронавирус жұқтырған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеген.
Шымкентте жыл басынан бері 18 жасқа толмаған 1000-нан аса бала індет жұқтырған. Бірақ, ауруға қарсы жасөспірімдерде иммундық жүйе қалыптасқандықтан, олар бұл сынақты оңай еңсеріп жатқан көрінеді. Бүгінгі күнге дейін балалар арасында ауруханаға аса ауыр жағдайда ешкім түспеген. Алайда, ата-аналар балаларға індет жұқпайды екен деп бейқамдық танытпай, оларға сақтық шараларын жүргізгені жөн дейді қаланың бас дәрігері.
Мыңнан аса 18 жасқа дейінгі балалар ауырды бізде. Алайда, олардың бірі реанимацияға түсіп немесе ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатқан жоқ. Не үшін? Себебі, дельта штамы болмасын, басқа штамм болсын жасөспірімдерде бұл жеңіл өтіп жатыр, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.Позилов тұрғындарды дельта штамынан сақтануға шақырады. Оның қауіптілігі орасан зор екенін айтып, одан қайтыс болу ықтималдылығы жоғары деп отыр.
Дельта штамы бірінші кезекте өкпені зақымдайды. Өкпені зақымдағаннан кейін басқа органдардың бәрі зақымдалады. Органдарда жетіспеушілік болады. Дельта штамы 5-6 күнде жұғады. Бұл жағдайда қайтыс болуы пайызы өте жоғары, – дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.