Шымкенттік жасөспірімдер автобус жүргізушісін балғамен ұрып, соққыға жыққан деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала белгілі болғандай, автобус жүргізушісі жасөспірімнен жолақысын талап еткен. Алайда ол ашуланып, жолақысын төлемегендіктен автобустан түсуге мәжбүр болған. Автобус аялдаған сәтте оған үш жасөспірім шабуыл жасап, басынан балғамен ұрған. Жабылып, жүргізушіні соққыға жыққан.
Жүргізушіге шабуыл жасаған жастарды полиция ұстады. Оқиғаны қалалық полиция департаменті растады.
Оқиға 12 маусымда Шымкент қаласында болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, - деді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Оқиғадан кейін жәбірленуші ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген. Қазіргі таңда жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жүргізуші полицейді капотпен бірге сүйреп кеткен болатын. Сондай-ақ, полицей жол ережесін бұзған адамға тас лақтырған еді.