Шымкенттің Восток шағын ауданында жаңа төселген асфальт опырылып, кем дегенде төрт көлік шұңқырға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға бейнесі әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда жолдың бір бөлігінде үлкен шұңқырлар пайда болып, көліктердің дөңгелегімен түсіп қалғаны көрінеді.
Қалалық әкімдік оқиғаға түсініктеме беріп, бұл учаскеде инженерлік коммуникацияларды төсеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
Жұмыстар ұзындығы шамамен бір шақырым болатын құбыр төсеу жобасы аясында атқарылды. Тапсырыс беруші – “Су ресурстары-Маркетинг” ЖШС. Топырақтың шөгуі салдарынан жол қабаты отырып қалған, соның нәтижесінде көліктер шұңқырға түскен, –делінген әкімдік хабарламасында.
Мердігер компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, зардап шеккен автокөлік иелеріне келтірілген шығын өтелетін болды.