Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте төтенше жағдай кезінде қылмыс азайған. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.
- Шымкентте осы жылдың 15-ші наурызы мен 31-ші наурыз аралығында өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 23%-ға төмендеді. Жеке меншікке қарсы қылмыстардың барлық түрлері төменгені байқалады. Атап айтқанда, жалпы ұрлық 43, оның ішінде пәтер ұрлығы 57, ұялы телефон ұрлығы 41, тонау 50, қорқытып алу 80%-ға азайды. Бұзақылықтардың орын алуы 78% төмендеп, сәйкесінше қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған қылмыстар да азайған. Бұл қылмыстардың көпшілігі ізі суымай ашылып жатыр. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары мен оның салдарынан жарақат алғандардың саныда 10%-ға төмендеген, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Шымкент прокуратурасы барлық тұрғындарды короновируспен күрес барысында уәкілетті және мемлекеттік органдардың талаптарын қатаң сақтап, төтенше жағдай біткенше оқшаулануға шақырады.