Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шымкентте тәрбиеші балаларды шприцпен қорқытып, қол көтерген

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Шымкент Білім басқармасы қала балабақшаларының бірінде осындай оқиға болғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Тұран ауданында орналасқан №59 «Айша» мемлекеттік бөбекжай-балабақшасында педагог қызметкердің балаларға қатысты кәсіби әдепке сай емес әрекеттеріне байланысты келеңсіз жағдай тіркелді.

Атап айтқанда, бұл балабақшаның «Бәйтерек» мектепалды тобының тәрбиешісі Р.М-ның балаларға психологиялық және физикалық қысым көрсеткені анықталған. Дәлірек, тәрбиеші балаларды шприцпен қорқытып, қол көтерген.

Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша Шымкент қаласы Тұран ауданының прокуратурасы, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тұран аудандық полиция басқармасы, білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің, сондай-ақ ата-аналар мен балабақша қызметкерлерінің қатысуымен жедел кеңес өткізілді, - деді Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Кульзина Уалиханова.

Оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары мен білім басқармасы жан-жақты әрі объективті түрде зерделеп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, бұл мәселе қаланың білім басқармасының қатаң бақылауында.

Бұған дейін елордадағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаға қол көтергені туралы видео тараған еді.

Өзгелердің жаңалығы