Шымкентте шенеунік ұрланған ақшаға әйеліне электромобиль сатып алып берген

Бүгiн, 20:36
387
Бөлісу:
Шымкентте шенеунік ұрланған ақшаға әйеліне электромобиль сатып алып берген
Фото: pixabay.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Шымкент қаласының шенеунігі ұрланған қаражатқа әйеліне электромобиль сатып алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттіктің мәліметінше, жемқорлыққа күдікті тұлғалар көбінесе мүлікті жақын туыстарының, сенімді адамдардың немесе басқа да үшінші тұлғалардың атына рәсімдейді.

Көп жағдайда олар мүліктің және оны сатып алуға жұмсалған ақшаның заңды жолмен келгенін дәлелдей алмайды. Ал олардың ресми табыстары сатып алынған активтердің құнынан әлдеқайда төмен, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров.

Оның айтуынша, бұл – жемқорлар арасында жиі кездесетін тәжірибе. 

Мысалы:
• Шығыс Қазақстан облысында жемқорлыққа күдікті азамат заңсыз алынған қаражатқа көлік пен екі пәтер сатып алып, оларды жұмыссыз туысының атына рәсімдеген;
• Шымкент қаласында шенеунік ұрланған ақшаға әйеліне электромобиль сатып алған;
• Жетісу облысында қаржылық тергеу нәтижесінде жалпы құны 2,8 миллиард теңге болатын мүлік анықталып, тәркіленді. Оның ішінде ақшалай қаражат, алты автокөлік және бір пәтер бар.

Мұндай жағдайлар сирек емес. Заңсыз жолмен алынған барлық активтерге тыйым салынып, олардың кейінгі тағдыры сот үкімі шыққаннан кейін шешіледі.

Өзгелердің жаңалығы