Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында тазалық жұмыстарымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған оқу-ағарту бағытындағы арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бағдарлама аясында қаланың білім беру ұйымдарында қоршаған ортаны қорғауға арналған арнайы білім мен тәрбие беру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Атап айтқанда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында экология тақырыбына арналған ашық сабақтар, танымдық кездесулер және экоакциялар ұйымдастырылуда.
Сондай іс-шаралардың бірі бүгін Шымкенттегі №35 орта мектеп пен №72 орта мектепте өтті. Онда оқушылар экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған арнайы іс-шараларға қатысты.
Одан бөлек, М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-де «Сана тазармай – қала тазармайды» атты жастарға арналған арнайы экологиялық акция өтті. Бұл іс-шараға ЖОО студенттері, белсенді жастар мен экология саласының мамандары қатысып, экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Білім беру ұйымдарында өткізілген кездесулер барысында белсенді жастар мен арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, оқушылар мен жастарды экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлу, олардың табиғатқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру, болашақта экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам құруға үлес қосуға шақырды.
Іс-шараларды ұйымдастыруға білім беру мекемелері, жастар ресурстық орталығы мен қоғамдық ұйымдар атсалысты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты - тұрғындар мен жастарды жалпықалалық экологиялық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуға тарту. Қала тұрғындары мен жастарының экологиялық мәдениеті мен санасын қалыптастыру және жетілдіру, экологиялық таза өмір салтын насихаттау.