Шымкентте қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді

27 Қараша 2023, 16:06
500
Бөлісу:
Шымкентте қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкент қаласында биылғы 10 айда 123,1 млрд. теңгенің қайта өңдеуден өткен ауыл шаруашылығы өнімдері нарыққа шығарылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынан хабарлады.

Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, қала аумағында қазіргі таңда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 50-ге жуық кәсіпорын бар. Оның басым бөлігі жеміс-жидек пен көкөністі, сүт өнімдерін, өсімдік майы мен астықты қайта өңдеумен айналысады. Биылғы 10 айда аталған кәсіпорындар 123,1 млрд. теңгенің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – ел экономикасы үшін аса маңызды бағыттың бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 157,3 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде өңделген өнім көлемінің экспорты 96,1 млн. АҚШ доллары немесе экспортталған барлық өнімнің 61,1 пайызына жетті. Қайта өңделген өнім көлемінің басым бөлігін ұн және макарон өнімдері құрайды.

Сонымен қатар қала аумағында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы салынып жатыр. Индустриалды аймақты құру үшін 132,9 га жер телімі қарастырылып, ол жер мемлекет мұқтажына қайтарылды. Аталған аймаққа инфрақұрылым жасауға техникалық экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама дайындалған. Басқарманың мәліметі бойынша, «Бозарық» индустриалды аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желі биыл салынып бітеді.

Бұл аймақта 49,5 млрд теңгеге 25 инвестициялық жоба жүзеге асып, 1 800 астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда индустриалды аймақтың аумағынан кәсіпорын салу үшін 4 компанияға жер телімі беріліп, оның ішінде бір компания кәсіпорынның құрылысын бастап үлгерген.

Өзгелердің жаңалығы