Шымкентте прокурордың ұлы гүл дүкеніне шабуыл жасады

10 Тамыз 2023, 06:33
1653
Бөлісу:
Шымкентте прокурордың ұлы гүл дүкеніне шабуыл жасады
Фото: видеодан кадр

Шымкентте бір топ адам гүл дүкеніне шабуыл жасады. Арасында Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының баласы да бар деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары аталған оқиғаға байланысты тергеу амалдарын бастады.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 8 тамызға қараған түні Шымкент қаласы Рысқұлов көшесі, 195 мекен-жайында орналасқан "Romantic" гүл дүкеніне бір топ адам мас күйінде кіріп, сатушыларды дене жарақатын саламыз деп қорқытқан.

Бұл бірінші жағдай емес, флористті ұрып - соғып, гүлді ұрлап әкетті. Арыз жазсақ, тәртіп сақшылары қылмыскерді құрықтамайды. Ешқандай жаза қолданбастан, тайраңдатып жүргізіп қояды. Өйткені, қылмыскер ОҚО-ның прокурорының ұлы. Дүкен қызметкерлеріне келіп жиі күш көрсететіні де бар, - деп мәлімдеді дүкен директоры әлеуметтік желіде.

Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басталғанын, осы факт бойынша жиналған материалдар құқық бұзушыға қатысты шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілетінін айтады.

Тұран ауданының полиция басқармасы қабылданған шаралардың нәтижесінде бейнежазбада көрсетілген адамдарды анықтап, полицияға жеткізді. Алайда, гүл сатушы кез-келген мәлімдемеден бас тартты. Осыған қарамастан, полицейлер ҚР ӘҚБтК 434-бабына сәйкес әкімшілік хаттама жасады, - дейді ведомство.

Өзгелердің жаңалығы