Қазақстандық студенттер енді елімізден шықпай-ақ АҚШ пен Ұлыбританияның жетекші университеттерінің білім беру бағдарламалары бойынша оқи алады. Шымкентте америкалық Arizona State University университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылып жатса, Ақтөбеде британдық Heriot-Watt University бағдарламасымен 600-ден астам студент білім алып жатыр. Бұл туралы жоғары оқу орындарының ректорлары ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.
Шымкенттік студенттер Аризонада білім ала алады
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, оқу орны АҚШ-тың Arizona State University университетімен бірлесіп, қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.
Халықаралық серіктестік аясында ашылған филиал екі жылдан бері жұмыс істейді. Былтыр бағдарламаға 46 студент қабылданған.
Біз Arizona State University университетімен бірлесіп, қос диплом бағдарламасын ұсынып отырмыз. Филиалдың жұмыс істеп келе жатқанына екі жыл болды. Былтыр 46 студент қабылдадық. Олар болашақта «3+1» бағдарламасы бойынша білім алып, оқуын Аризонада жалғастыра алады. Бұл университет әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының бірі саналады. Әсіресе, компьютерлік ғылымдар мен жасанды интеллект бағытындағы бағдарламалары мықты. Қазір біздің студенттер осы бағдарламалар бойынша білім алып жатыр, – деді Мұхтар Төлеген.
Ректордың сөзінше, мұндай ынтымақтастық қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде білім алуына және заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Ақтөбеде 600-ден астам студент британдық бағдарлама бойынша оқып жатыр
Ал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Ұлыбританияның Heriot-Watt University жоғары оқу орнымен серіктестікті дамытып келеді.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлзат Көбенованың айтуынша, бүгінде британдық университеттің білім беру бағдарламалары бойынша 600-ден астам студент оқып жатыр. Ал алғашқы түлектер 2027 жылы оқуын аяқтайды.
Мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы білім беру хабына айналдыру міндетін қойды. Қазір осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елімізде 33 беделді шетелдік университет қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп мамандар даярлап, ғылыми зерттеулер жүргізуде. Біздің университет те Ұлыбританияның Heriot-Watt University университетімен серіктестік орнатқан. Қазір осы бағдарлама бойынша 600-ден астам студент білім алып жатыр. Алғашқы түлектер 2027 жылы оқуын аяқтайды, – деді Гүлзат Көбенова.
Оның айтуынша, білім беру бағдарламалары Ақтөбе өңірінің экономикалық қажеттіліктері мен еңбек нарығындағы сұраныс ескеріле отырып таңдалған.
Атап айтқанда, студенттер мұнай-газ инженериясы, электр энергетикасы, ақпараттық технологиялар және басқару салалары бойынша білім алады.
Бұл бағыттар өңірдегі өндіріс орындары мен кәсіпорындарға қажетті білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда шетелдік білім алу мүмкіндігі кеңейіп келеді
Бүгінде елімізде шетелдік университеттермен бірлескен білім беру бағдарламаларына басымдық беріліп отыр. Мұндай серіктестік студенттердің халықаралық білім беру стандарттары бойынша оқуына, шетелдік оқытушылардың тәжірибесін меңгеруіне және ғылыми жобаларға қатысуына жол ашады.
Шымкент пен Ақтөбедегі тәжірибе халықаралық білім беру бағдарламаларының еліміздің өңірлерінде де жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Осылайша, қазақстандық студенттер үшін шетелдік жоғары оқу орындарының бағдарламалары бойынша білім алу мүмкіндігі кеңейіп келеді.