Шымкент қаласының Достық үйі базасында қазақ тілін үйрететін «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Кеңсе негізгі 4 бағытта қызмет көрсететін болады, соның бірі – этнос өкілдерін қазақ тіліне оқытуға, қазақтың ұлттық тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне баулуға бағытталып отыр.
Қазақ тілін, ұлттық құндылықтарын, дәстүрін насихаттау, қазақтың киелі жерлерін таныту арқылы қазақты тануға қызығушылық тудыру – орталық атқаратын негізгі жұмыс болмақ.
Орталық мемлекеттік тілдің базалық негіздерін үйрететін болады. Ниет білдірушілердің барлығына қазақ тілін оқып-үйрену қолжетімді болады.
Шымкент қаласында 8 жоғары және 37 орта арнаулы оқу орындарымен меморандум түзіліп, бірінші кезеңде 920 этнос жастарын қазақ тіліне базалық оқыту жоспарлануда.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, тіл білуінің арқасында жетістікке жеткен этнос өкілдері практика жүзінде тіл дағдысын үйренуі үшін пікір алмасатын болады.