Шымкентте жол құрылысына байланысты жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл осы мақсатқа шамамен 400 миллион теңге жұмсалып, 12 жер учаскесі сатып алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
otyrar.kz мәліметі бойынша, жалпы жыл басынан бері 13 учаске мемлекет қажеті үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылған.
Бұл жұмыстар қаладағы ірі магистральды жолдардың құрылысын жүргізу үшін қолға алынған. Әсіресе, Қайтпас шағынауданындағы жол мәселесі сот арқылы шешімін тапты.
Жер қатынастары басқармасына биыл жергілікті бюджеттен шамамен 1,8 млрд. теңге бөлінген. Қазір оның 750 миллион теңгеден астамы игерілді. Соның ішінде 400 миллион теңгеге жуық қаржы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін сатып алуға жұмсалған.
Сонымен қатар, басқарма 11 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 5 мыңға жуық тұрғын өтініш берген. Ең көп сұраныс — жерге орналастыру жобаларын бекітуге қатысты. Бұдан бөлек, 600-ден астам азамат жерінің нысаналы мақсатын өзгертуге, ал 300-ден астамы жалдау мерзімін ұзартуға өтініш білдірген. Тұрғындар арыз-шағымдарын «I-komek» бірыңғай байланыс орталығы арқылы да жолдаған.
Сонымен қатар, 2 айдың ішінде «I-komek» бірыңғай байланыс орталығы арқылы Басқармаға қатысты 31 арыз-шағым келіп түскен. Шағымдардың көбісі жолды бөгеу. Ортақ пайдаланымдағы жерлерге жүру, автокөліктердің өтуіне өзінің кері әсерін тигізетін құрылғыларды орнату, – деді Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов.
Қалада құжаттары рәсімделмеген 2 мыңнан астам нысан анықталған. Оның ішінде 1800-ден астамы заңдастырылса, 500-ге жуық нысан өз бетінше салынған заңсыз құрылыстар. Қазір әр ауданда арнайы топтар құрылып, мұндай нысандарды зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Өздеріңізге мәлімдей қазіргі таңда Бәйтерек көшесі яғни Қайтпас ш/а арқылы өтетін Ы.Алтынсарин көшесінің жалғасы салынуда. Ол жақта қазіргі таңда негізгі 5 үй қалған. 5үйдің 4-еуінің сот шешімдері шығып, соған сай өтемақысы төленген. 1 жер учаскесі бойынша сот шешімі шығып заңды күшіне енді. Оның осы атқару парағының келуіне байланысты ақысы төленетін болады, – деді басқарма басшысы.
Алдағы уақытта Ы.Алтынсарин көшесінің жалғасы ғана емес, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу үшін де бірнеше жер учаскесін мемлекетке қайтару мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар А-2 автожолы мен Таскендегі Ақсүмбе көшесінің бойындағы жер телімдерін алу жұмыстары да жалғасуда. Бұл шаралар қаланың жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.