Шымкент қаласында орталық көшеде қозғалып келе жатқан көліктен отшашу атқан азамат ұсталды. Оның әрекеті жол қозғалысына қатысушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндірген, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға түнгі уақытта Дінмұхамед Қонаев даңғылы бойында болған. Lexus GS автокөлігінің жолаушысы қозғалыс кезінде көлік терезесінен шығып, отшашу атқан.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл әрекет жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзған.
Құқық бұзушы полиция қызметкерлері тарапынан анықталып, ұсталды. Ер адам өз әрекетін досын туған күнімен осылайша құттықтағысы келгенімен түсіндірген.
Тәртіп бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық, пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген жерде пайдалану, тыныштықты бұзу және жол қозғалысы қағидаларын сақтамау деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.