Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, аурухана ғимаратының корпустарын бөлшектеу, үй-жайларды (кабинет) алғашқы өңдеу, инженерлік коммуникацияларды қайта жүргізу және өзде де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме - «Югстройсервис-Н» ЖШС.
Күрделі жөндеуден кейін аурухана базасынан қосымша инсульт орталығы мен нейрожарақат бөлімшесі ашылады деп жоспарланып отыр. Осыған сәйкес керекті медициналық құрал-жабдықтар мен магнитті-резонансты томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) және ангиографиялық қондырғы орнату қарастырылу үстінде, - делінген хабарламада.
№2 қалалық ауруханада - қаладағы жалғыз толыққанды көпсалалы аурухана болып табылады. Мұнда соңғы рет күрделі жөндеу жұмысы 1975 жылы жасалған. Ауруханада 120 төсек-орынды босану бөлімі бар. Бөлімде жылына жеті мың әйел босанады. Ал емхана бөлімшесіндегі мамандар 50 мыңнан аса адамға көмек көрсетеді.
Одан бөлек, Соvid-19 инфекциясы өршіген тұста 260 төсек-орынды провизорлық стационар жұмыс жасаған. Стационарға 1 788 науқас келіп түскен. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақталуына байланысты провизорлық стационардағы 120 төсек-орын уақытша жабылып, штаттық режимге көшкен. Ал 140 төсек-орынды провизорлық стационар өз жұмысын әлі де жалғастыруда.