Шымкентте інісі туған ағасына бір бүйрегін берді. Дәрігерлер отаның сәтті өткенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында күрделі жоғары технологиялық операция – тірі донорлық бүйрек трансплантациясы сәтті жүргізілді.
Белгілі болғандай, 1986 жылы туған азамат 1979 жылы туған ағасына донор ретінде бір бүйрегін берген.
Трансплантация бірнеше кезеңнен тұратын күрделі операция. Оған тәжірибелі трансплантологтар, хирургтар және анестезиологтардан құралған мамандар тобы қатысты. Дәрігерлердің кәсіби жұмысының нәтижесінде операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, олар дәрігерлердің бақылауымен қажетті ем қабылдауды жалғастыруда. Тірі донорлық бүйрек трансплантациясы – созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін ең тиімді емдеу тәсілдерінің бірі. Мұндай операциялар пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұзақ әрі белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді, - деп хабарлады Шымкент қаласы Денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласында 247 бүйрек және 35 бауыр трансплантациясы сәтті жүзеге асырылған.