Шымкентте індет жұқтырған тағы 5 адам – бір отбасының мүшелері

7 Сәуір 2020, 12:25
1865
Бөлісу:
Шымкентте індет жұқтырған тағы 5 адам – бір отбасының мүшелері

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 6 сәуірде коронавирус жұқтырған тағы 5 адам тіркелді. Олардың бәрі де 5 сәуірде анықталған науқастың отбасы мүшелері. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова мәлімдеді.

Бұл 5 науқастың барлығы 5 сәуір күні коронавирус жұқтырғаны анықталған 24 жастағы адаммен тығыз байланысты болған отбасы мүшелері. Бұл тұлғалар Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бақылауда болған. Инфекция анықтау бойынша жүргізілген зертханалық зерттеулерде Covid-19 сынамасы оң нәтиже көрсетті. Науқастардың бәрі ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда жағдайлары – қанағаттанарлық, - дейді Айгүл Бекбауова.

Оның айтуынша, науқаспен байланысты болған 75 азамат оқшауланып, медициналық бақылауға алыныпты.

Сонымен қатар Түркістан облысының екі азаматы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Бұл азаматтар жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оларды жағдайы ауыр болғаны себепті Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырды. Өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған, - деді Бекбауова.

Еске салсақ, 5 сәуірде Шымкентте коронавирус жұқтырған 24 жастағы ер адам анықталды. Ол Жетісай қаласында тіркелген науқаспен бірге 23 наурызда Петропавл-Қызылорда пойызында бірге келген. 2 сәуір күні оқшауланып, провизорлық стационарға жатқызылған. Тест сынамалыр оң нәтиже көрсеткен соң, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылған.

Қазіргі таңда, яғни 2020 жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша Шымкент қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққан 19 науқас тіркеліп отыр.


Өзгелердің жаңалығы