Шымкентте екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті

24 Қазан 2024, 22:50
365
Бөлісу:
Шымкентте екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге қалада алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Нұршуақ» шағын ауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастайды.

Шымкентте екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті

Қала әкімі тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтай отырып, мектеп тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болғанына тоқталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде елімізде апатты және үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы іске асырылуда.

Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктары бар заманауи мектептерде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылды. Сондай-ақ, хореографиялық және төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг бар.

Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылады.

Өзгелердің жаңалығы