Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шымкентте болған қанды төбелес: Үш қылмыстық іс қозғалды

Бүгiн, 12:26
258
Бөлісу:
 Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенатта өткен брифингте Шымкентте болған жол-көлік оқиғасының мән-жайы туралы айтты. Аталған оқиға жаппай төбелеске ұласып, адам өлімімен аяқталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикердің айтуынша, бұл дерек бойынша қазіргі таңда үш қылмыстық іс қозғалған:

  1. Адам өлтіруге оқталу және кісі өлтіру фактісі бойынша;
  2. Адам ұрлау фактісі бойынша;
  3. Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық фактісі бойынша.

Бірнеше күдікті қамауға алынды. Оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтау, сондай-ақ күндізгі уақытта мұндай қылмыстың жасалуына жол берілген жайттарға байланысты қызметтік тексеру жүргізу және полиция күштерінің жұмысын кешенді бағалау үшін Шымкентке орталық аппараттың басшылары – Криминалдық полиция департаментінің, Тергеу департаментінің және Ішкі қауіпсіздік департаментінің жетекшілері жіберілді. Бұл іс бойынша әлі ұстала қоймаған фигуранттар да бар, алайда полиция барлық қатысы бар адамдарды анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі, – деді Санжар Әділов.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, ешкім қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетпейді және алдағы уақытта барлық кінәлі тұлға қылмыстық заңнамаға сәйкес жазасын алады.

Еске салсақ, Жол апаты 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында тіркелген. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, оған үшінші көлікпен келген адамдар да қосылған.

Қақтығыс барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Соның салдарынан 40 жастағы ер адам оқиға орнынан кейін көз жұмды, тағы бір азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр, ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Белгілі болғандай, аталған қылмысқа қатысты төрт күдікті ұсталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған азаматтар кісі өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен қолға түскен.

Өзгелердің жаңалығы