Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шымкентте алғаш рет бүйрек аутотрансплантациясы сәтті жасалды

Бүгiн, 08:54
187
Бөлісу:
 Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада өте сирек әрі күрделі операция – бүйрек аутотрансплантациясы алғаш рет сәтті жүзеге асырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

1968 жылы туған науқас соңғы бес жыл бойы ауыр артериялық гипертензиямен ауырған. Қан қысымы 250/140 мм сын.бағ.-қа дейін жетіп, инсульт қаупі жоғары болған. 2024 жылы оған құрсақ аортасына стент-графт орнатылған.

Толық тексеру барысында сол жақ бүйрек артериясының 99% тарылғаны анықталды. Аортада стент-графт болғандықтан, дәстүрлі шунттау мүмкін болмаған. Осыған байланысты дәрігерлер науқастың сол бүйрегін алып, оны оң жақ мықын артериясына қайта тігіп орналастырды.

Ота қан тамыр хирургтары мен трансплантологтардың бірлескен жұмысы нәтижесінде сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, қан қысымы қалыпқа келген.

Бүйрек аутотрансплантациясы – ағзаны сақтауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық, сирек жасалатын операция. Оның Шымкентте алғаш рет орындалуы өңірлік медицинаның дамығанын көрсетіп, күрделі диагнозы бар науқастарды өз өңірінде емдеуге жол ашып отыр.

Өзгелердің жаңалығы