Шымкентте агенттік қазақтарды Ресей асырумен айналысып отыр - белсенді

13 Желтоқсан 2020, 04:11
1571
Бөлісу:
Шымкентте агенттік қазақтарды Ресей асырумен айналысып отыр - белсенді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда әлеуметтік желіде Ресейге барып жұмыс істегісі келген жігіттің жанайқайы жарияланды. Онда жазба авторының аты-жөні көрсетілмеген, деп жазады zamana.kz.

Ол көрші елге жұмысқа жіберумен айналысатын агенттікке алданғанын айта келе жоғарыдағылардың бұл мәселеге баса назар аударуын сұрапты. Онда былай делінген:

Шымкент қаласында кадрлық агенттік жұмыс істейді. Бұлар Ресейге жұмысшы тартумен айналысады. Яғни қазақстандық кез келген жұмыссызды Ресей асырумен шұғылданып отырған бұл агенттікті мен алаяқтықпен айналысып отыр деп толықтай айта аламын. Себебі жақында мен де бұл агенттіктің құрбаны болып кете жаздадым.

Біріншіден, жұмысқа орналасу үшін жұмыссыз жүрген біздің елдің азаматтары бұл агенттікке әртүрлі көлемде (60 000 – 90 000 теңге аралығында) ақша төлейді. Мен «Работа в России» деген жарнама арқылы жұмысқа кіру үшін бұл агенттікпен байланыстым. Бұлар мені Ресей мемлекеті, Амур облысы, Благовещенск қаласындағы «Велестрой» компаниясына «изолировщик» маманы ретінде жұмысқа кіргізбекші болды. Мен оларға жұмыс тауып берген қызметі үшін 80 000 теңге ақша төледім.

Сонымен, мен шетелдік құжат, мамандығымды растайтын куәлік, пандемияға қарсы тест, 6 дана 3х4 сурет, флюорография, нарколог, психолог, құжаттың нотариалды кепілдемесі секілді керек-жарақтарымды дайындап қойдым. Болашақ мекемемнің маған берер жалақысы 70 000 рубль, теңгелегенде 400 000-ға жуық, әжәптәуір ақша. Атыраудан Нұрсұлтан қаласына дейін пойызбен, Нұрсұлтан әуежайынан Мәскеу қаласының Домодедова әуежайына ұшақпен жеттім.

Мен секілді Қазақстаннан келген қарайған жұмысшыны жұмыс беруші күтіп алды. Мен бұлардың тізімінде болмай шықтым. Сол себепті жұмыс беруші мені өзге мамандық, өзге жұмысқа тыққыштады. Жалпы, жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы арасында ешқандай келісімшарт жоқ. Бұлар келісімшартты көзі ашық кейбіреулеріне ғана береді екен. Менімен келісілген келісім олай емес еді. Кейін мен секілді 15 шақты жұмысшыны «Энергострой» мекемесінің жатақханасына жіберді. Бұл жердің жұмысы мен жалақысы мүлдем төмен болғаны себепті біз ол жерде бір күн түнеп, олардың уәжіне келіспегеніміз үшін 7 жұмысшыны ол жерден кері қайтарып жіберді. Біз далада қалдық.

Екіншіден, Көшеде түнемес үшін «Беларусь» теміржол вокзалына келіп паналадық. Ол жерден де интернет арқылы басқа жұмыс іздедік. Бір жұмыс тапқандай болып, электропойызбен 80 шақырымдай жол жүріп, «Дорохова» деревнясына келдік. Ол жердің жатақханасын көрдік, канализация, иіс, сыз бен қоңыздың отаны екен. Онда бір түнеп, келесі күні Мәскеуге келдік. Қысқасы, ас-сусыз 4 күн қаңғырып, ақша табам деп барған мен үйден ақша сұратып, Самара қаласына пойызбен зорға жеттім. Самарадан Оралға, Оралдан Атырауға, Атыраудан Құлсарыға құр сүлдемді сүйретіп таксимен келдім.

Әлеуметтік желіден қазақ жастарының жұмыс іздеп шетел асып жатқандығын, Н.Назарбаевтың «Қазақстан жастары шетелге не үшін қашып жатыр?» деген таң­ғалыс жазбаларын оқып жүруші едім, көзіммен барып көріп келдім. Қазақ жастарының «пәлен жерде алтын бар» деген жарнама агенттіктеріне алданып жүргендеріне көзім жетті.

Мен бастан кешкен бұл 9 күндік қаңғыру келесі бір қазақ жастарының басына түспесін, қандай да бір агенттіктерге алданбасын деген оймен болған жайтты әлеуметтік желіге жүктеуді жөн көрдім. Бару-келуіммен қоса есептегенде алтын уақыт, қайталанбас 9 күнім және 400 мыңдай теңгеге шығынданып, басымды қасып отырған жайым бар.

Сөзімді қорыта келе, Президент әкімшілігі, ҚР Жоғарғы соты, ҚР Бас прокуроры, ІІМ, ҰҚК, Шымкенттің ПД мен прокуратурасы секілді құзыретті орындардан сұрайтыным, мұндай кадрлық агенттіктерге тексеру жүргізіп, қазақ жастарын алдап, қазақ халқын Ресейге жалдамалы құл, күң ретінде аттандырып отырған өтірікші, алаяқ кадрлық агенттіктерге шара қолданып, заңмен қатаң жазалау­ларыңызды сұраймын, - деп ашуға булықты ол жазбасында.

Осы мәселе тұрғысында шымкенттік заңгер Айжан Кесебай пікір білдірді.

Бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Бұл жерде іс Қылмыстық Кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша да сараланады. Себебі адамдарды алдап шетелге жіберіп, қаншама уақыты мен қаржылық жағдайына нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан ішкі істер органдарына өтініш жазса, істің анық-қанығы тексеріледі.  Кінәсі дәлелденген жағдайда Қылмыстық Кодексте үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Егер де ірі мөлшерде алдын-ала сөз байласа отырып, қылмыстық топ болып ұйымдастырылса, яғни істі ауырлатын мән-жайлар болған жағдайда бұл үшін 10 жылға дейін жаза тағайындалуы мүмкін, – дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы