Шымкентте "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту" жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыс беруші мекемелерде 760 адамды кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Жұмыс орындарында азаматтарға кәсіптік білім беріп, соңынан жұмысқа қабылдауға ниетті 35 жұмыс берушінің өтінімі бүгін комиссия отырысында қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мекемелерден негізінен құрылыс жұмыстарының шебері, дәнекерлеуші, компьютер және түрлі техникалық құрал операторлары, балабақша қызметкерлері, тігінші, жол-құрылысы көлігінің машинисі сияқты жұмыс орындары бойынша кәсіптік білім беруге 2 мыңнан астам өтініш түсті.
Комиссия отырысында жұмыс беруші компаниялардың тәжірибесі, біліктілігі мен оқыту және жұмыспен қамту мүмкіндігі сараланды. Сондай-ақ іріктеуде кәсіпорындардың салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізулері, жалақы бойынша берешегінің жоқтығы және бір жылдан аса қызмет ететін материалдық - техникалық базасының болуына назар аударылды.
Жалпы, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, қалада тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет, - деп жазылған хабарламада.