Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан хабарлады. Оның айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы мегаполисте оқушылар арасында індет жұқтырған 487 жағдай тіркелген.
1-29 қыркүйек аралығында оқушылар арасында КВИ-дің 487 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 146 оқушы жазғы демалыс күндері ауырған. Ал індет жұқтырудың 341 жағдайы дәстүрлі түрде оқитын оқушыларда тіркелді. Оқу жылының басынан бастап 100 мектепте 291 сынып карантинге жіберілді. Бүгінгі таңда қаланың 84 мектебінде 189 сыныпта карантин белгіленген, - деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары.
Айта кететін жайт, 29 қыркүйектегі жағдай бойынша 126 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның ішінде 18 жасқа толмаған балалар арасында 26 жағдай тіркелген.
Ауырғандардың ішінде ерлер – 54 (42,8%), әйелдер 72 (57,1%), 14 жасқа дейінгі балалар арасында 18 (69,2%). Ауырған балалардың 16-сы (88,8%) – симптомды, 2-еуінде (11,1%) – симптомсыз, - деп атап өтті Шыңғыс Мұқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ashyq қосымшасы бойынша карантин талаптарын бұзған шымкенттіктерге 21 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны туралы жазған болатынбыз.