Прокуратураның қадағалау актісі бойынша заңсыз шешімдердің күші жойылып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Шымкент қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы прокуратурасының талдауы нәтижесінде мемлекеттік кірістер органдарының жүргізген камералдық бақылау нәтижелері бойынша15 кәсіпкерлік субъектісінің шоттарын бұғаттағаны анықталды. Сәйкесінше, кәсіпкерлердің қызметі тоқтады.
Прокуратура іс-әрекеттерді негізсіз деп таныды және қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде салық органының шешімдерінің күші жойылды, Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы және басқа да кінәлі тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабымен (лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласуы) әкімшілік жауаптылыққа тартылды, - делінген хабарламада.
Прокуратура кәсіпкерлер алдындағы кедергілерді жойып, олар өз қызметіне кірісті.