Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ» басталды. Мұнда мектеп оқушылары спорттың төрт түрінен, яғни волейбол, баскетбол, футбол және шахматтан сайысқа түседі. Осылайша мектеп оқушыларын салауатты өмір салтына баулитын біріншілікте ҚР чемпионаттарына команда жасақталады екен.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылатын «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ» Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен басталған «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНА» барлығы 140 мектептен 536 команда қатысады.
Қаратау ауданынында орналасқан мектептерден 149 команда шықса, Абай ауданынан 146 команда қатысады екен. Ал Еңбекші ауданынан 136 мектеп, Әл-Фараби ауданынан 105 мектеп қатыспақ.
Біріншіліктің жалпы жүлде қоры – 80 млн теңге. Осы 80 млн теңгені әр спорт түрінен жеңіске жеткен командаға бөліп береді. Сонда әрбір жеңімпаз командаға 20 млн теңге қаржылай сыйлық беріледі екен.
Қаржылай сыйлық сол мектептің қажеттілігіне, материалды-техникалық базасын жақсартуға жұмсалмақ.
Біріншілікті Шымкент қаласының Білім беру басқармасы мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады екен.
«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНА» жалпы білім беретін мектептердің 8-9-10-11-сынып оқушылары қатысып жатыр. Футбол мен баскетбол ұлдар арасында, волейбол қыздар арасында, ал шахмат аралас өтеді. Барлығы 140 мектептен командалар қатыспақ. Бұл мектептер орналасқан ауданына қарай төрт ауданға бөлінген. Осы аудандардың мектеп командалары үш айда өз ішінде кездесіп шығуы керек. Әр ауданнан 4 үздік команда шығады. Сосын қыркүйекте осы төрт ауданнан шыққан 4 командадан, барлығы 16 команда ширек финал, жартылай финалға ойнайды. Күзде колледждер мен университеттер арасында сайыс басталады. Ал жүлде қорына келсек, «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ» 80 млн теңге жүлде қоры «Шымкент – қайырымды қала» қорынан бөлініп отыр, - дейді «Жастар ресурстық орталығы» МКК директоры Ерлан Айтбаев.
Әрбір команданың фан-клубтары құрылып жатыр екен. Эмблемасы, команда атауы, слоганы, киім үлгісі дайындалған. Осылайша шымкенттік мектептер алдағы наурыз-мамыр айларында футбол, волейбол, баскетбол ойындарынан үздіктерін анықтаса, алдағы қыркүйекте шахматтан жарыс болады.
Бұған қоса әр спорт түріне қарай үздіктер номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Оларға да дипломдар мен бағалы сыйлықтар беріледі.