Шымкент қаласындағы Қонаев даңғылы бойында орналасқан тұрғын үй кешенінде лифт апаты орын алды. Оқиға салдарынан әйел адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 16 қабатты тұрғын үйде 12-қабатта тұрған лифт белгісіз себептермен төмен қарай қозғалып кеткен. Қауіпсіздік жүйесінің іске қосылуы нәтижесінде лифт 7-қабат деңгейінде тоқтаған.
Оқиға орнына жедел қызметтер шақырылып, зардап шеккен әйел лифтіден шығарылып, медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер оның табан сүйектерінің сынғанын және омыртқа жарақатын анықтады. Зардап шеккен азаматшаның жағдайы – орташа ауыр.
Аталған факті бойынша полиция органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.