Шымкент полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушісінің арманын орындады

28 Желтоқсан 2023, 12:19
471
Бөлісу:
Шымкент полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушісінің арманын орындады
Фото: polisia.kz

Шымкент полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушісінің арманын орындады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Ислам Сүлейменовтің оқиғасын ерекше мереке қарсаңындағы нағыз ғажайып деп атауға болады. 14 жастағы Ислам – Шымкенттегі №4 балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ол кішкентайынан полиция қызметкері болуды армандайды. Форма киген патрульдік көліктегі адамдардың жұмысын қызыға бақылайды екен. Тәртіп сақшылары жасөспірімнің арманын жүзеге асыруды ұйғарып, полиция департаментіне шақырды. Мұнда Исламға – жедел басқару орталығы көрсетілді.

Ол үлкен залдың қабырғасын алып жатқан экрандар арқылы мегаполис өмірін тамашалау кезінде түрлі эмоцияға бөленді. ЖБО-ға барғаннан кейін мектеп оқушысы патрульдік полиция полкінің қызметтік көлігінің жүргізуші орындығына отырып, көлік ішіндегі құрал-жабдықтармен танысып, нағыз рация арқылы байланысқа шықты. Осыдан соң Ислам қаланың бас полицейімен кездесті. Думан Таев оны жылы қабылдап, болашақ офицермен кездескеніне қуанышты екенін білдірді. 8-сынып оқушысы құқық қорғау мамандығын таңдайтынын, өйткені ол әрқашан адамдарды қорғап, оларға көмектесуді қалайтынын айтты. 

Думан Таев жеткіншекке өз фуражкасы мен қолсағатты сыйға тартып, алға қойған барлық арман-мақсаттарына жетуін, болашағы жарқын болуын тіледі. Айта кетейік, №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері төрт жылдан астам уақыттан бері Шымкент қаласы ПД қызметкерлерінің қамқорлығында. Ал осы мекеменің үш түлегі бүгінде ҚР ІІМ Қарағанды академиясының курсанты.

Өзгелердің жаңалығы