Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 7 медицина қызметкеріне пәтер берілді. Тағы екі дәрігер қызметтік баспана алды. Бұдан бөлек елуден астам шымкенттік медицина қызметкерлері түрлі марапаттауларға ие болды.
Мұның барлығы да маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күнінде табысталды. Кәсіби мерекенің салтанатты кешіне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Биыл Шымкентте бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған бірнеше тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың айтуынша, дәрігер мамандарды баспанамен қамтамасыз ету екі бағытта жүргізіледі.
«Медицина саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тұрғын үйлер мен жатақханалар саламыз. Биылдың өзінде бюджеттік мекемелерде қызмет ететін азаматтарға арналған біраз үй пайдалануға беріледі. Бұған қоса пәтер типтес жатақханалар салынып жатыр. Сол үйлерді басқа қалалардан келетін жас дәрігер мамандарға береміз. Осы Шымкенттегі медицина қызметкерлерінің де пәтер мәселесін ең бірінші кезекте шешеміз», - деді Ғ. Әбдірахымов.
Сонымен, бүгінгі кәсіби мерекеде №2 қалалық емханасының акушеркасы
Жаханшаева Назгүл Жолдыбайқызы, №4 қалалық емханасының мейірбикесі Раипова Лаура Шериновна, Залалсыздандыру орталығының мейірбикесі Абдувалиева Айнур Исраиловна, №2 қалалық ауруханасының акушеркасы Маженова Фарида Турегельдиевна, Психикалық денсаулық орталығының мейірбикесі Алкеева Зухра Каратаевна, Жұқпалы аурулар ауруханасының мейірбикесі Алшерова Гулдана Молдаевна және №13 қалалық емханасының мейірбикесі Жұмаділда Жанар Алтайқызы жаңа пәтердің кілтін алды. Мұнымен қатар, Шымкентте басқа қалалардан шақыртумен келіп, қызмет етіп жатқан екі дәрігерге, атап айтқанда, Қалалық кардиология орталығының ЭФИ және аритмология бөлімінің меңгерушісі Тұрсынбеков Азат Бәржанұлы және Қалалық кардиология орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қуатбаев Ермағамбет Мұханұлына қызметтік пәтер кілті берілді.
Ал «Үздік аурухана ұйымы» номинациясын Шымкент қалалық онкология орталығы, «Үздік емхана ұйымы» Шымкент қалалық №3 емханасы жеңіп алса, «Үздік медициналық ұйымы» атағына Шымкент қалалық қан орталығы лайық танылды.
Сондай-ақ, №13 қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Тленова Жібек Тельманқызы «Үздік терапевт дәрігер» атанса, Шымкент қалалық кардиология орталығының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Байтөре Бауыржан Сайлаубекұлы «Үздік хирург дәрігер», қалалық перинаталдық орталығы босану бөлімшесінің меңгерушісі Сатов Даулет Яминович «Үздік акушер-гинеколог дәрігер» атанды. Ал №8 қалалық емханасының аумақтық дәрігер-педиатрі Сим Марина Викторовнаға «Үздік педиатр дәрігер» атағы берілді.
Медицина қызметкерлері арасындағы өткізілген спартакиада женімпазына берілетін ауыспалы кубок №1 қалалық клиникалық аурухана ұжыимына табыс етілді.
Бұған қоса, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты мерекеде көптеген дәрігер Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хаты», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының ардагері» медалі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі, Шымкент қалалық мәслихатының «Алғыс хаты» және «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Дәл қазіргі таңда Шымкентте 36 мемлекеттік және 68 жекеменшік медицина ұйымы бар. Сондағы қызметкерлер саны 12 мың адамнан асады. Олар жедел медициналық жәрдемнен бастап ауруханада жатып емделу түрлеріне дейінгі қызмет түрлерін ұсынады.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Асхан Байдувалиевтің айтуынша, жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметіне мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жаңғырту жүргізіледі екен.
«100 санитарлық автокөліктер жаңартылады. Шұғыл шақыртуларды қабылдайтын бірыңғай заманауи Call-орталығы ашылады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында - ауруларды басқару бағдарламасы және патронаждың әмбебап үлгісі енгізген. Осы бағдарламаларды енгізу арқылы денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Нәтижесінде жалпы өлім-жітім көрсеткіші 10 пайызға төмендеп 4,1 құрап, күтілетін өмір сұру ұзақтығы 74,7 жасқа жетті», - дейді Асхан Байдувалиев.