Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жиында алдағы салық реформалары, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселелері талқыланды. Басқосуға әкімдіктің, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің салалық кеңестерінің өкілдері бизнес атынан сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі, "Керемет-Оңтүстік "бөбекжай бағы" ЖШС басшысы Диана Қараманова әлеуметтік мекемелерді ҚҚС-тан босатуды немесе қызметтердің қолжетімді болуы үшін салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды.
Қорытындылай келе, вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныстар жинақталып, сарапталып, жұмыс барысында ескерілетініне сендірді.